Қараша… Құс қайтқанда, күзгі қайғы,

Күзгі қайғы, жанымды сызғылайды.

Сызғылайды жанымды күзгі қайғы,

Бөлмеде теріс қарап қыз жылайды.

 

Бөлмеде теріс қарап қыз жылаған,

Сол күні гүл таба алмай қызға ұнаған.

Сол күні жыр жаза алмай қызға ұнаған,

Бармақпен шылым шоғын мыжғылағам.

 

Бармақпен мыжғылағам шылым шоғын,

Іздесем табар едім гүлін соның.

Іздесең жазар едің жырын соның,

Ал өзім таба алам ба бірінші оның?

 

Сол түні сол ойыммен биік қалғам,

Қайтейін сол қызды мен сүйіп қалған.

Қайтейін сол қыз мені сүйіп қалған,

Жүрегі бармақтай боп күйіп қалған.

 

Қалдым мен сүйе алмауды жеңіс санап,

Көрінбес арманың ба ең, ей, құсқанат,

Бей уақ, кәрі ұятым секілденіп,

Бөлмеде қыз жылайды теріс қарап.

Advertisements