Қар боп ұшып келемін,

Қалаған жер үрлейтін,

Қалаларда ғана өмір сүрмейтін.

Далаларды, балаларды,

Молаларды құшақтап…

Қыстың биін билейтін.

Қар боп ұшып келемін,

Ешкімді де сүймейтін.

Қырау боп кеп,

Терезеге гүл сыздым.

Бұл өрнектер…

Сезіміңіз кіл сіздің.

Ал менде жоқ сезім, жүрек,

Рахат-ай..

Соқырмын, һәм тілсізбін.

Әдемімін, әппақ нұрдан келбетім,

Әппақ мұңмен…

Аралаймын жер бетін.

Менің дәмім – судың дәмі.

Тең келмейтін еш ащың,

Тең келмейтін шербетің.

Менің мәнім – тазалықты тербету.

Неге бұлай?

Біле алмадым себебін.

Мен ғайыптан жаратылдым,

Жоқ ешқандай дерегім,

Жоқ ешкімге керегім.

Мен суықтан қорықпаймын,

Себебі, өзім суықпын.

Аспан жақта туыппын,

Көктем шақта өлемін.

Ал, әзірше…

Шыр көбелек айналып,

Қар боп ұшып келемін.

        Нәзира Бердалы

Advertisements