-Есіңде ме көктем еді…

Көктеп еді бүршіктері таудың да,

Қызыл гүлдер қаптап еді шалғында.

-Қызыл гүлді құшағына толтырып,

Сен тұрып ең алдыңда.

-Құстар сайрап…

Шыға алмастан құмардан.

Төбемізде аспан төнген жылы арман,

-Қыз боп… Алғаш…

Бозбаладан гүл алған сәтім үшін,

Өлердей боп ұялғам.

-Ал сен болсаң…

-Ал мен болсам…

Гүлдің өбіп бетінен,

Адамдайын айырылған есінен.

Сені қайың тасасына қалдырып,

Жалаң аяқ жаңбыр кешіп кетіп ем.

-Қалқасында қайыңның,

Құшағынада күдіктің,

Жылап тұрдым…

Бұлттан шықты күліп күн.

Мен кім едім…

Дәл сол сәтте ұмыттым.

Жаңбырменен қызды қатар сүйетін,

Жынды ақынның жарты беттік жыры екем.

Оны қайдан біліпппін…

-Бүгін таға төкті жаңбыр,

Тереземді жас ұрды.

Жаңа көктем…

Сол көктемді жасырды.

Терезенің алдындағы жырларың,

Жыртылды да, шашылды.

Кіммін өзі? Кіммін…

Мен бар жоғы адаммын.

Жаңбыр болып жуа алмайтын жаныңды,

Жаңбыр болып сүе алмайтын шашыңды.

Нәзира Бердалы

Advertisements