Айына бір рет әпкеме Ұзынағашқа барып тұрам. Сонда «Сайран» автобекетіне ерте барып алатынмын. Осымен екі адаммен жолықтым. Екеуі де ажырасқандар. Осыдан бір жыл бұрын, жасы 40-тан асқан ер кісіні жолықтырғам. Түріне қарағанда тұрмысы жақсы емес екені байқалып тұр. Автобустың жүретін уақытын тосып отырғанымда, жанымда отырған әлгі азамат: «Телефоныңызды бере тұрыңызшы, баламның нөміріне гудок тастаймын, сосын өзі хабарласады»-деді. Телефонымды бердім, бірақ гудок тастағанмен баласы хабарласпады. Жарты сағаттай тостық. Сол аралықта ол әйелімен ажырасқанын, баласымен айына бір рет кездесетінін айтты. Алматыға келгендегі мақсаты баласымен кездесу екен. Әкей баласынның колледжде оқитыны мақтанышпен айтты. «Бірақ… Соңғы кезде балам менімен онша қатынаспай қойды, мүмкін анасы жолықтырмай отырған шығар»-деді. Менің жол жүретін уақытым таяған соң: «Балаңызға қазір қоңырау шалайық, мүмкін осында келер»-дедім. Әкей қуанып кетті. Барып сөйлесіп келді де, рахметін айтты. Мен өз жолыммен, ол кісі өз жолымен кетті.

Екіншісі, тура бір жылдан соң, осыдан 4 күн бұрын сол «Сайран» автобекетінде жасы 57-ге келген бір әже болды. Ол да жанымда отырып, сағаттың қанша болғанын сұрады. Ол кісі осыдан 20 жыл бұрын ажырасқаннан соң, күйеуі сол кезде басқа бір әйелге үйленіп кетіпті де, қазір сол әйелі кредитке қарызға батып қалған соң, бірінші әйелінің үйіне келіп жүр екен. Әжейдің сөзіне қарағанда балаларына әкесін қанша жамандаса да, кешіріммен қарайтындарын, бірақ  мына өмір ол кісі үшін «бәрібір, түкке тұрмайды». Ештеме қызықтырмайды, тіпті балаларымен де тұрғысы жоқ. Апаның айтуынша, екеулерінің ажырасуына себепкер, ол өзінің жұмыс басты болып кеткенін, күн көрістің қамымен үйіне, күйеуіне қарауға шамасы болмағанын алға тартты. Содан күйеуі әлгі әйелге кетіп қалған. Тағы бір байқағаным, әжейде енді ешқандай өкініш жоқ, ол жас кезде оқымаған сауатын Нұрмүбәрак мешітіне барып ашып жүр екен. «Мен биыл екінші курсты тәмамдадым»-деді жымиыспен. Менің соңғы қойған, сіз күйеуіңізді кешірдіңіз бе деген сауалыма: «Ия, кешірдім. Бірақ, сынған айна орнына қайтып келмейді екен.»-деп сөзін аяқтады.

Түйін: екі кейіпкерден түсінгенім бірі-әйелінен, екіншісі-күйеуінен көңілдері қалған. Шындығында, сынған айна орнына келмейді. Бес күндік өмірде бір-бірімізді сыйлап өткенге не жетсін?!

Advertisements