Көше. Ығы жығы адамдар. Асығып келем. Діттегенім ауруханаға тез жету. Жетуін жеттім ау. Кіргенде әпкеме айтатын алғашқы сөзімді ойладым. Ия, не айтамын?! Дайындалып – ақ келе жатырмын. Бірақ, кірген кезде тілімнің байланғаны. Кірген бетте көңіл күйімнің түсіп кеткені болмаса, бәрі тамаша болатын. Біріншіден, әпкемнің бет бейнесі болса. Екіншіден, жанында жатқан кішкентай ғана қыздың сөзі болды. Бөлмеге еніп сұрағаным хал жағдайы болды. Менде ақымақпын, көріп тұрып несін сұрап тұрмын?! Әрине, бәрі тамаша. Бірақ, адам кез келген жайды басынан өткермесе, оның халін түсіндім деу бекершілік. Солай, әпкеммен әңгімеміз жалғаса берді. Біз әпкемнің қалыпқа түскен сәтінде келіппіз. Оның алдында не болғанын көзбен көрмеген соң, түсініп болмадым. Ал қазіргі бейнесі, тек жаны бар демесеңіз, өлі адамның кейпінде жатыр. Арада сәл ғана тыныштық орнап еді, бір кезде селк ете қалғаным. Қорқыныштан емес. Жанымда отырған бейтаныс қыздың сөзі болды. Ол: «Мама, сен білесің бе, маған операция жасаған кезде далада аппақ қар жауып тұрды ғой. Ертең мен жазылған соң, сосын мен сені Швейцарияға, Италияға қыдыртамын. Көресің», – деді. Осы сөзді естігенде төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей, дір ете қалдым. Бұрылып қарағанымда шамасы бесінші, алтыншы сыныпта оқиды – ау деген ой түйдім. Ал бұл қызбен тетелес, еш жері ауырмайтындар мұндай сөз айта ма… Жоқ, біле алмадым. Көзіме жас та келді. Бірақ, сыртқа шығармадым. Өйткені, әпкемнің жанын онан әрі ауртқым келмеді. Мен осы оймен әлек болып отырғанымда, жаныма еріп келген сіңлім боздап жылап отырғанында байқамай қалыппын. Әрине, менде жылауым керек пе еді?! Бірақ, мен оймен алысып отырып, жан жағыма да қарамаппын ғой. Мүмкін басқалай да түсінген шығар. Одан бейхабармын. Бір кезде укол салуға келген сары шашты орыс медбикесі: «Сен неге жылайсың, керісінше күліп, көңілін көтерудің орнына», – деген сөзі маған жағымды әсер етті. Ол жылауын қоя берді. Ары қарайғысын әпкемнің әңгімесін тыңдадым. Ол да армандарын айтып отыр екен. Ол: «Ертең мен жазыламын, сосын егіз баланы өмірге алып келемін. Көресіңдер», – дегені. Ойланып отырып, түйгенім мынау болды: жаның өмір мен өлімнің ортасында тек амандығыңды тілейді екенсін. Ал жаның аман қалып, қысылып, ауырғанда армандарыңның мүлде басқа арнада болатынын білдім. Ал денім сау, мен армандаған армандарымның түкке тұрғысыз, еркелік деп ұқтым. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің» дейтін апаларым. Тек ішімнен шүкіршілік айта бастағаным, меңіреу кейпімде сыртқа шыққаным ғана есімде қалыпты. Ары қарай осы ойдың жетегімен ылдилап, бөлмеге қалай келгенімді де білмей қалыппын…

Мәншүк АХМЕТОВА